Абай облысының орталығында жаңажылдық бас шыршаның шамдары жанды. Шараға қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов қатысты.
«Шырша шамдарын жағумен қатар, орталық алаңдағы музыкалық субұрқақ маңындағы үлкен сырғанақтың айналасында көптен күткен мұз айдыны қолданысқа берілді. Шырша шамдарын жағу салтанатында концерттік бағдарлама, театрландырылған қойылым қойылып, ән шырқалды. Бас шыршаның биіктігі - 19 метр. Шыршаға 10 метрден 200 дана жарықдиодты гирлянда және 100-ден аса ойыншық ілініп, Аяз ата мен Ақшақардың мүсіндері қойылды. Ал қаланың сол жағалауындағы Әуезов алаңына 18 метрлік шырша орнатылды», - деп хабарлады қала әкімдігінен.
Биыл Семей қаласы 25 жылдан кейін алғаш рет жаңа жыл мерекесін облыс орталығы ретінде атап өтеді. Сондықтан қала әкімдігі жаңа жыл қарсаңында түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастыруда.