– Президент тапсырмасымен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға арналған. Аталған заң мұғалімдердің негізгі қызметіне жатпайтын артық міндеттерден қорғауы шарт. Алайда, осы жағдай Педагог мәртебесі туралы Заңды өрескел бұзып тұр. Мұғалімдерді заңсыз жұмысқа тарту шешімін қабылдаған және «Педагог мәртебесі туралы» Заңды бұзған тұлғаларды анықтап, қатаң жауапкершілікке тартуды сұраймыз, – деді депутат бүгінгі Мәжіліс отырысында.
Сондай-ақ, депутат зардап шеккен мұғалімге толық медициналық көмек көрсетуді және заңды өтемақы төлеуді, оның ішінде педагогтың алған жарақатын өндірістік жарақат деп тануды және оған өмір бойы өндірістік жарақатқа берілетін төлемді тағайындауды сұрады.
– Семей қаласында шырша орнату мен безендіруге бөлінген қаражатты тексеріп, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланғандар болса, оларды заң аясында жауапқа тарту қарастырылсын. «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарын сақтамау жағдайларына байланысты барлық білім беру ұйымдарында тексеріс жүргізіп, Мұғалімдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шара қабылдауды ұсынамыз, – деді Ж. Сүлейменова.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмек көрсету департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева Семейде шырша безендіру кезінде жарақат алған мұғалімнің жай-күйі туралы айтып берді.
Оқиғаға байланысты қала әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаевқа сөгіс жарияланды және білім бөлімінің басшысы Біржан Бұлабаев қызметінен босатылды.