Семейде «Жасыл мектеп» экологиялық жобасы аясында ерекше конкурс өтті

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында «Жасыл мектеп» экологиялық жобасы аясында инновациялық конкурс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық білім бөлімі мұрындық болған конкурсқа жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері және мектеп оқушыларынан құралған 17 команда қатысты. Олардың әрқайсысы экологиялық мәселелерді шешудің жолдары туралы жоба құрастырды. Оның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу, кәріз суларын тазалау және қайтара пайдалану, көшелерді жарықтандыру, көліктерден шығатын газдарды азайту тәрізді ұсыныс-пікірлер болды. Конкурсқа қатысушылардың жобаларын химия, биология, физика, математика мамандарынан құралған әділ қазылар бағалады.

«Барлығы жоғары дайындықпен келгендерін байқатты. Шыны керек, орындалған жұмыстардың сапасына қарап, таңқалдық. Соңымыздан лайықты жастардың өсіп келе жатқанына қуаныштымыз. Осындай байқаулар болашақ мамандар үшін өте пайдалы болмақ», – дейді Семей қаласындағы электротехникалық колледждің бөлім меңгерушісі Айгерім Саниязова.

Сайыс қорытындысы бойынша Назарбаев зияткерлік мектебінің командасы «Биогаздық қондырғы» жобасымен гран при жүлдесін жеңіп алса, бірінші орынға № 3 жалпы білім беретін орта мектептің «Экоүй», Назарбаев зияткерлік мектебінің «Экомектеп, «Экоқала»» секциялары, екінші және үшінші орындарға № 22 және № 32 жалпы білім беретін орта мектептер, сондай-ақ № 37 гимназия мен Шәкәрім университетінің студенттері ие болды.