Семейде «Жігіт сұлтаны» байқауы өткізілді

None
АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Нұр Отан» ХДП филиалының «Жас Отан» Жастар қанаты және «Салауат» ШҚО Жастар қоғамдық бірлестігі "Жігіт сұлтаны" байқауын өткізді.

Оған қаладағы білім ордаларының студенттері қатысты. Сайысқа қатысушылар өзін-өзі таныстыру, мылтық ату, қол күресі, қазақша күрес, аударыспақ, өнер сайысы және бата беру бөлімдері бойынша бақтарын сынады. Байқауды тамашалауға көрермендер көп жиналды. Бұл сайыстың мақсаты - халық арасынан өнерлі, ақылды ер азаматтарды іріктеп, оны жұртшылыққа таныстыру, ұлттық өнерді, салт-дәстүрімізді, тіліміз бен ділімізді өскелең ұрпаққа насихаттау, қазақ жігіттерінің өр мінезділігін, ақыл қайраты толысқан, қайтпас қайсарлығын дәріптеу, - дейді ұйымдастырушылар.

Байқауға қатысушы үміткерлер қойылған шарттардан мүдірмей өтіп, әділқазылар алқасы тарапынан төмендегідей орындарға ие болды. «Ер канаты - ат» аталымы - Елдос Қажығалымов (Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университеті), «Күш атасын танымас» - Фархат Ташметов (Қайнар университеті), «Мен алаштың Ұлымын» - Айдос Рахметуллин (Семей мемлекеттік медицина университеті), «Өнерлі өрге жүзер» - Қуандық Ибраимов (Семей мемлекеттік педагогикалық институты), «Құралайды көзге атқан» - Әбділдәбек Тұрсынов (Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті). Ал Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің студенті Айдос Төлеуханов бас жүлдеге қол жеткізіп, «Жігіт сұлтаны - 2013» атанды.

Байқау соңында жеңімпаздарға және барлық қатысушыларға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.