Семейде жоғалған 7 жастағы бала аман-есен табылды

Фото: Абай облыстық ПД

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семейде күндіз үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған жеті жастағы баланы іздеу жұмыстары аяқталды, деп жазды Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі.

Полиция қызметкерлері баланы орман алқабынан тапты, ол үйінен шамамен 10 шақырым жерде болған.

Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, бала таң ата Затон полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары — Бекен Асыл мен Дархан Жұмағалиевтың көмегімен табылған.

Қиын өтетін жер бедеріне және түнгі уақытқа қарамастан, тәртіп сақшылары іздеуді тоқтатпаған. Ведомствода атап өткендей, баланың аман-есен табылуына полицейлердің табандылығы мен кәсібилігі себеп болған.

— Іздеу жұмыстары басталған сәттен бастап барлық құрылымдардың арасында үйлестіру ұйымдастырылды. Жергілікті жерді жақсы білетін учаскелік инспекторлар басты рөл атқарды. Осы күрделі жағдайда үн қатып, көмек көрсеткен әрбір азаматқа алғысымызды білдіреміз, — деді Абай облысы полиция департаменті өкілдері.

Баланы іздеу операциясына 1000-нан астам адам жұмылдырылған. Олардың қатарында полиция қызметкерлері, арнайы жасақ (СОБР) сарбаздары, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еріктілер мен Семей қаласының бейжай қарамайтын тұрғындары бар.

Іздеу жұмыстары барлық бағытта жүргізілді — орман алқаптарынан бастап ашық далалар мен жағалау аймақтарына дейін. Іздеуге қызметтік иттер, жылу көруші дрондар тартылды, кейбір аудандарда тізбекпен жүру тактикасы қолданылды.

Ішкі істер органдары операцияға қатысқан әрбір азаматқа алғыс білдіріп, барлық күштердің ұйымшылдығы мен ынтымақтастығы шешуші рөл атқарғанын атап өтті.

Балаға медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Еске салайық, 2018 жылы туған бала 21 маусым күні кешке Туристическая көшесіндегі үйінен шығып кеткен болатын. Осы сәттен бастап оның қайда екені белгісіз болған.

Барлық қызметтердің үйлесімді әрекетінің арқасында іздеу сәтті аяқталды.