Семейде жоғалып кеткен ер адамның мәйіті табылды

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында Семей қаласының 44 жастағы тұрғынын іздеу жұмыстары аяқталды. Ер адамның мәйіті қараусыз қалған көлігінен ондаған шақырым жерде даладан табылды.

Фото: Абай облыстық ПД

Ринат Ахметов 6 қараша күні таңертең жақындарына соңғы рет телефон соққан. Осыдан кейін мүлде байланысқа шықпай, із-түссіз жоғалды.

Фото: Семей волентерлері

Үш күннен соң азаматтың көлігі Ертіс өзенінің жағасынан, Пятилетка, Нововасильевка және Алексеевка ауылдары маңынан табылды.

Көлік анықталғаннан кейін іздеу аумағы едәуір кеңейтілді. Жетуі қиын дала алқабын шарлауға ауыр техника тартылды. Атап айтқанда, жергілікті тұрғындардың 12 тракторы мен жолсыз жерлерде жүруге арналған полицияның екі квадроциклі кәдеге жаратылды.

Іздеу жұмыстарына 60-тан астам полиция қызметкері, оның ішінде арнайы жасақтың 30 қызметкері, 50 әскери қызметші және Төтенше жағдайлар департаментінің 10 құтқарушысы жұмылдырылды. Сондай-ақ еріктілер, марқұмның туыстары мен жергілікті тұрғындар көмек көрсетті.

Фото: Абай облыстық ПД

11 қараша күні күндіз ер адамның мәйіті даладан, Нововасильевка ауылынан шамамен 35 шақырым жерден табылды.

— Далада жүргізілген ауқымды іздестіру жұмыстары барысында ер адамның мәйіті анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге үсіп қалу себеп болуы мүмкін. Марқұмның нақты көз жұму себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Ер адамның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз, — деп хабарлады Абай облысының полиция департаментінен.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жүргізушінің көліктен шығып, елсіз далаға кетуіне дейінгі оқиғалардың мән-жайы мен хронологиясын анықтап жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін Алматы тауларында шетелдік турист жоғалғаны хабарланған.