Семейде жүргізуші тапшылығы салдарынан автобустар сирек қатынайды
Семей қаласының халқы автобустардың тым сирек жүретінін айтып шағымданып жатыр. Ал бұған жүргізуші тапшылығы себеп болған, деп хабарлайды Kazinform.
Бүгінде Семейдегі ең өзекті мәселелердің бірі – қоғамдық көліктердің желіде тым аз жүруі. Оған басты себеп – «Д» категориясы бар жүргізушілердің жетіспеушілігі.
Осының салдарынан аязды күндері халық талай уақытын аялдамада автобус күтумен өткізуге мәжбүр. Қала әкімдігі жолаушы тасымалына қатысты бос жұмыс орындарының көптігін айтып, халықты жұмысқа шақырды.
«Мәселен, «Таксомоторлық парк» ЖШС шұғыл түрде Д санатындағы жүргізушілерді, қоймашыларды, электриктерді, механиктерді жұмысқа алуға дайын. Барлық әлеуметтік аударым жүреді. Қала сыртындағы жүргізушілерге баспана да беріледі. «Авто Транс Семей» ЖШС-ға «Д» және «Д1» санатындағы жүргізушілер қажет. Ниет білдірушілерге кестеге сәйкес демалыс күндері беріледі. Жүргізушілерді ынталандыру мақсатында үстемеақы да төленбек. Сондай-ақ «Семавтопарк» ЖШС-ға да «Д» санатындағы жүргізушілер қажет», - деп хабарлады әкімдіктен.
Айта кетейік, 11 желтоқсанда Семейде ауа райы -25 градусқа төмендеді. Сондықтан мектептердегі 1 және 2 ауысымдағы 1-4 сынып оқушылары онлайн форматқа көшірілген.