Семейдегі жаппай төбелес кезінде кісі өлімі болған жоқ — полиция

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысы полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған жаппай төбелес фактісіне қатысты мәлімдеме жасады.

Фото: видеодан алынған кадр

Оған сенсек, Семей қаласы Затон полиция бөлімі денсаулыққа зиян келтіретін заттарды қолдана отырып, бір топ адам жасаған қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру және бұзақылық баптарымен тергеу бастаған.

«Кінәлі адамдар анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, жанжалға қатысушылар арасында қаза тапқандар жоқ екенін хабарлаймыз» дейді полициядан.

Абай облысы полиция департаменті жалған ақпарат таратқандарға жауапкершілік бар екенін ескертеді және азаматтарды тек ресми дереккөзге сенуге шақырады.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеудің өзге деректері жарияланбайды.