Семейдегі саяжайлар тұрғындары облыс әкіміне шағымдарын жеткізді

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Облыс орталығына қарасты Бобровка, Мұрат саяжайларындағы түйткілді мәселелер аймақ басшысының тікелей бақылауына алынған. Тұрғындарды толғандырған сұрақтарды шешу мақсатында Нұрлан Ұранхаев халықпен кездесулер өткізіп келеді. Бүгінгі жиында мамыр айындағы алғашқы кездесуден кейінгі атқарылған жұмыстар пысықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешу үшін өңірлік әкімдік тарапынан «Жол картасы» әзірленген болатын. Соған сәйкес саяжайларда жол белгілері мен 4 «Сергек» камерасы орнатылып, 60-тан астам рұқсат етілмеген қоқыс алаңдары жойылды (4 370 м3 қоқыс шығарылды). Сондай-ақ, 11 аялдама орнатылып, тағы үшеуін алдағы 15 күннің ішінде құру жоспарланып отыр.


Ал, шілде айының соңында Бобровка және Мұрат тұрғын алқаптарында балаларға арналған ойын, спорт, жеңіл атлетика алаңдарының құрылысы басталады. Қазір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі тарапынан жер телімін бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Жиын барысында халық «Жол картасы» аясында атқарылып жатқан жұмыстарға өз ризашылықтарын білдірді. Десек те, басым бөлігі «Семей. Мұрат. Доверие» және «Бобровка» ӘБТК жергілікті қоғамдық бірлестігінің қызметіне қатысты шағымдарын ашық жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, кооператив төрағалары қызметтік өкілеттіктерін қолданып, билікті асыра пайдаланған.

Облыс әкімі екі кооперативке қатысты жұмыстың барлығы заң аясында іске асатынын және барлық құзырлы органдар бірлестікке қатысты мәселені шешу бағытында жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты.

Бір сағатқа созылған жиынды қорытындылай келе Нұрлан Ұранхаев және тұрғындар 2 тамыз күні қайта кездесу өткізуге келісті.