Семейдегі су тасқыны: Иен қалған үйлерді тонау фактілері расталмады

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде су басқан өңірлерде иен қалған үйлер тоналып жатыр деген ақпарат жоққа шығарылды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде және WhatsApp мессенджері арқылы су тасқыны салдарынан эвакуацияланған адамдардың үйлері тоналып жатқандығы туралы ақпарат тараған болатын. 

Бірақ полиция бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Қазірге дейін қарақшылық дерегі бойынша бірде-бір жәбірленуші өтінішпен келген жоқ. Эвакуация жасала бастаған алғашқы күндерден бастап-ақ су басқан аудандарды қатаң бақылауға алдық. Жер-жерде тәулік бойы полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар кезекшілікте», - дейді Семей қаласы ІІБ баспасөз қызметінің басшысы Елубек Оспанов.

Еске сала кетейік, Семейдегі табиғат апатының салдарынан 700-ден астам тұрғын үй мен жекежайларды су басқан болатын.