Бүгін Үкімет отырсында осылай деп атап өткен ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов өзінің орынбасары Әсет Исекешевке сәйкесінше тапсырма жүктеді.
Өткен жұмада Семейде түтін сорғыш картердің бұзылуы салдарынан № 6, 7 қазандықтардың жұмысы тоқтатылып, ал № 1 қазандық үзіліспен жұмыс істеген болатын. Осы мәселеге байланысты бүгінгі отырыста баяндама жасаған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың атап өтуінше, апат қаланы жылумен қамтамасыз ететін қазандықтарының тозығы жетуі салдарынан орын алып отыр. Жаңа деп саналатын қазандықтардың өзі осыдан 70 жылдан астам уақыт бұрын іске қосылған. Сонымен қатар қазандық Кузбас көмірімен жұмыс істеуге негізделген. Ал қазіргі уақытта ол Қаражал көмірін пайдалануда. «Семей проблемасын шешу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу қажет», - деп атап өткен облыс басшысының сөзіне қарағанда, ол сома шамамен 7 млрд теңгені құрайды.
Бірнеше облысты басқарған тәбірибелі әкімнен бұндай ағаттықты күтпегенін жасырмаған Үкімет басшысы: «Әсет Өрентайұлы, сізге комиссия құруды және болған оқиғаны анықтауды тапсырамын, маған ұсыныс енгізіңіз. Мен бұл мәселеге жауапты адамға жаза қолданамын. Бұл мәселені түбегейлі шешу қажет. Өйткені адамдар үшін Кузбас немесе Қаражал көмірінің еш айырмасы жоқ. Оларға ең бастысы - үйлерінің жылы болғаны», - деді.