Аталған көшеге ғалымның есімін беру мәселесі он жыл бойы көтеріліп келді. Осы аралықта облыстық және республикалық мемлекеттік органдарға 14 ұсыныс жасалған, деп хабарлайды БАҚ.
Қайым Мұхамедханов 1940 жылы Семей қаласындағы Абай музейінің негізін қалады.
1951 жылдың 1 желтоқсанында «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін, тұтқынға алынып, 1952 жылдың 31 мамырында ҚКСР Жоғарғы сотының қаулысымен халық жауы ретінде 25 жыл бас бостандығынан айырылды (отыз бетке жуық айыптау жазылған).
Сталиннің өлімінен кейін толықтай ақталып, туған жеріне оралды.
Салтанатты шара барысында Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов бұл бастамаға қолдау көрсетіп, ғалым есімін мәңгі есте қалдыру ісіне атсалысқандарға алғысын білдірді.
Айта кетейік, көше атын өзгерту мәселесін ұзақ жылдар бойы қоғам қайраткерлері, ардагерлер, ғалымдар және жастар көтеріп келді. Олардың бірі - филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов. Шара барысында А.Еспенбетов бір кездері Қайым Мұхамедхановтың шәкірті болғандығын еске алып, енді бұл көше бойымен мақтаныш сезімімен жүріп өтетіндігін айтты.