Семейге Абайдың үш ішекті тұмар домбырасы әкелінді
Көрме Семейдегі Абай музейінде 1 шілде - Ұлттық домбыра күніне орай ашылды. Мұнда музей қорында бар 30-ға жуық домбыра қойылды. Олардың арасында Абайдың үш ішекті тұмар домбырасы, Абайдың шәкірттерінің және өңірімізге танымал күйшілердің домбыралары бар.
Айта кетейік, Жидебай ауылындағы музей үйінде тұрған Абайдың үш ішекті тұмар домбырасы көрмеге арнайы әкелінген. 1885 жылы Абайдың Семейдегі орыс достарының бірі Нифонт Долгополов жаз айларында Шыңғыстау аймағында болып қайтады. Абай ауылынан қайтып келгеннен кейін Семейдегі Өлкетану музейіне (1883 жылы ашылған) Абайдың үш ішекті тұмар домбырасын, қобызын, сыбызғыны, асатаяқ сынды қазақтың көне музыкалық аспаптарын өткізеді. Домбыра бүгінгі күні Абайдың саусағының табы қалған құнды жәдігер. Тұмар домбырада ақынның өзінен бөлек Абай өнер мектебінің шәкірттері де ойнаған.
Мейрамгүл Қайрамбаева.