Биылғы Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр. Жиналғандар басты құжаттың әлеуметтік және экономикалық бағыттарын жоғары бағалап, Елбасының елді алға жетелейтін жаңа міндеттерін орындауға дайын екендіктерін жеткізді. Жиналғандарды Нұрсұлтан Назарбаевтың ең төменгі жалақы мөлшерін бір жарым есеге, яғни 28 284 теңгеден 42 426 теңгеге дейін көтеру туралы бастамасы қуантты.
«Елбасы Жолдауынан халықтың күтері көп. Сондықтан жыл сайынғы дәстүрлі жолдауды асыға күтеді. Елбасы биыл да бірқатар жұмыстар жүргізіліп, маңызды істер атқарылатынын айтты. Сөзінің басында 2019 жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 есеге арттыруды тапсырды. Себебі, баға өсіп жатыр. Сондықтан халықтың еңбекақысын көтеру - бүгінгі заман талабы. Мысалы, Достық үйі сияқты мекемелердегі жұмысшылардың еңбекақысы жоғары деп айта алмаймын. Сондықтан, бұл бастама көптеген қызметкерлердің еңбек өнімділігінің артуына ықпал етеді»,-дейді Семей қалалық Достық үйінің директоры Берік Көпбаев.
Сонымен қатар, қала тұрғындары да Елбасы жолдауына қолдау білдірді. Тұрғындар, әсіресе, қала ішіндегі бос жатқан жерлерді қайтару жөніндегі тапсырманы қызу қолдап отыр.
«Елбасы Жолдауы көңілімнен шықты. Пайдаланылмаған жерлерді мемлекетке қайтару мәселесін көтергені дұрыс болды. Прокуратура таяуда бұл істі қолға алады деп сенем. Себебі, қалада сатып алынып, бірақ қазір бекерге бос жатқан жерлер бар. Өз кезегінде олар қала көркіне де сын. Егер сол орындарда халыққа пайдалы нысандар бой көтерсе немесе үй салуға берілсе, халыққа пайдалы болар еді»,-дейді қала тұрғыны Ғалымбек Қаденұлы.