Семейлік алаяқ халыққа пәтер алуға көмектесемін деп 20 млн теңгеден аса пайда тапқан

Фото: Ұлттық статистика бюросы

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семей қаласының полиция қызметкерлері пәтер алуға көмектесемін деп халықты алдаған 56 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, әйел адам тұрғындарды әңгімеге тартып, арзанға үй алуға көмектесе алатынын айтқан. Осылайша, өзіне сенген жәбірленушілерден ірі көлемдегі ақша қаражатын банк шоттарына аудартқан.

— Тергеу барысында бірнеше адамның алданып қалғаны белгілі болды. Үржар ауданының 32 жастағы тұрғыны алаяққа 8 500 000 теңге аударған. Ал 55 жастағы семейлік 3 250 000 теңгесінен айырылған. Сондай-ақ 56 жастағы тағы бір қала тұрғыны 9 000 000 теңге берген. Осылайша, әйел 20 млн теңгеден астам пайда көрген, — делінген ақпаратта.

Барлық эпизод бойынша күдікті өз кінәсін мойындап отыр. Алайда қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсап жібергендіктен ақшаны тәркілеу мүмкін болмады. 

— Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасып жатыр, — делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін ақмолалықтар жүргізуші куәлігін қалпына келтіремін деген алаяққа алданып қалғаны жайлы хабарланған.