Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, әйел адам тұрғындарды әңгімеге тартып, арзанға үй алуға көмектесе алатынын айтқан. Осылайша, өзіне сенген жәбірленушілерден ірі көлемдегі ақша қаражатын банк шоттарына аудартқан.
— Тергеу барысында бірнеше адамның алданып қалғаны белгілі болды. Үржар ауданының 32 жастағы тұрғыны алаяққа 8 500 000 теңге аударған. Ал 55 жастағы семейлік 3 250 000 теңгесінен айырылған. Сондай-ақ 56 жастағы тағы бір қала тұрғыны 9 000 000 теңге берген. Осылайша, әйел 20 млн теңгеден астам пайда көрген, — делінген ақпаратта.
Барлық эпизод бойынша күдікті өз кінәсін мойындап отыр. Алайда қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсап жібергендіктен ақшаны тәркілеу мүмкін болмады.
— Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасып жатыр, — делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін ақмолалықтар жүргізуші куәлігін қалпына келтіремін деген алаяққа алданып қалғаны жайлы хабарланған.