Семіздік сергелдеңге салмасын десек...

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіз сарапшылардың сөзіне сүйенсек, еліміздегі ерлер мен әйелдердің 40-50 пайызы артық салмақтан азап шегетін көрінеді. Тіпті, елімізде 4 миллионнан астам адам семіздік дертіне тұсалған деген де дерек бар. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне назар салсаңыз тіпті таң қаларлық. Денсаулығында кінәраты барлардың 5 пайызы аштықтан, қалған 95 пайызы семіздіктен ауруға шалдыққандар екен. Демек бұдан шығатын қорытынды қазақшалап айтқанда «ішің ауырса, аузыңды тый». Дөп келері осы, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.

Диетологтардың зерттеулеріне сүйенсек: соңғы 20 жыл көлемінде адамзат жоғары калориялы тағамдарды - етті бұрынғыдан 4,7 есе, қант пен тұзды - 7,8 есе, сүт тағамдарын 7,9 есе артық пайдаланатын болыпты. Осы себептен де семіздікке бой ұрғандардың салмағы қалыпты нормадан тым асып кеткен. Етті тек түсінде ғана көретін кедейлерге қарағанда тұрмысы тәуір байлардың арасында бауыр циррозы 3,4 есе, рак аурулары 2,3 есе көп екендігі белгілі болды. Дамыған елдерде қан қысымы жоғарылар күн санап өсіп барады. Сусамыр ауруының түп тамыры семіздіктен туындайтынын естен шығармаған ләзім. Семіздікке апарар төте жол - тамақты талғамсыз тоя ішу. Қимыл қозғалыстың аз болуы бір орында тапжылмай отырып жұмыс істеу де оған өз үлесін қосады. Ал салауатты өмір салтын ұстанып, спортты сенімді серік еткендерге семіздік дерті жоламайтыны анық.

Диетолог Мәди Әлиасқаровтың айтуынша, ең алдымен тамақтану мәдениетін үйрену керек. Таңертеңгі, түскі, кешкі асқа не жеу керек соның бәрін реттеу қажет. Витаминдердің мол болғаны дұрыс. Мысалы көпшілік кешке тоя тамақтанғанды ұнатады. Сіңуі ауыр ет тағамдарын түске ауыстыруға болады... Асқазанға демалыс қажет. Айына 24,36,48 сағат ашығу адамның ішкі құрылысындағы жиналып қалған улы шлактарды адамның зәрі, тері, демі арқылы қуып шығып, адамның бүкіл денесі тазаланады. Француздарды өте мәдениетті, ақылды деп мақтауын асырады ғой. Олар аптасына бір рет француз күнін белгілеп таңнан кешке дейін нәр сызбай ашығады. Осылайша асқазандағы қорытылмай қалып кеткен қалдықтарды толық сыртқа шығуын қамтамасыз етеді. Бұл өте тиімді әдіс. Ендеше денсаулығыңыз өз қолыңызда. Ауруды сатып аламын десеңіз де, ашығамын десеңіз де...

Ашығу теориясы Әл Фараби, Гиппократ замандарынан бастау алған. Ұлы ғалым Пифагор ғылымның құпиясына қаныққысы келгендерге 40 күн ашығуды талап еткен. Әрине, ұлы ойшыл аштықтан ми талшықтары жақсы қызмет істейтінін білген. Ал, Кеңес үкіметі кезінде П.К.Ивановтың тәсілдерін жоғары бағалаған М. Калинин оған барлық жағдайды жасап, оның әдісі барлық жерде қолданылсын деп бұйрық берген. Әрине, мұның бәрі де тектен текке айтылған емес. Өмірдің өзінен алынған. Дәлелдеуді қажет етпейтін ақсиома.