Семіздікке шалдыққандардың барлығына бірдей операция жасай алмаймыз - хирург Алмантас Маляцкас

АСТАНА. ҚазАқпарат - Салмақты төмендетіп, асқазанды кішірейтетін бариатрикалық хирургия бүгінде медициналық және экономикалы тұрғыда жақсы нәтиже беруде. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Литва Медициналық университетінің профессоры, хирург Алмантас Маляцкас мәлім етті.

«Семіздің проблемасы үлкен, себебі бүгінде әлемде бұл эпидемия ретінде белең алуда. Сондықтан оны дерт деп қабылдаған жөн. Адамға 40-50 келі салмақ түсіру үшін елеулі ерік күші керек, яғни артық салмақтан құтылу оңай емес. Өйткені, бұл тұрғыда бірнеше факторлар бар. Олардың біріне тоқталатын болсам, семіздік проблемасының 60-70 пайызы генге байланысты, ал генді өзгерту немесе оған қарсы тұру да өте қиын», - дейді ғалым.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы кезде ғылым салмағы шектен тыс емделушілерде тоқшылықты реттейтін гормондар аздау болатындығын анықтады.

«Қазіргі кезде азық-түлік пен тағам түрлеріне қолжетімділік өте жоғары деңгейде, сондай-ақ тамақтың майлылығы да аз емес. Осы орайда адамдардың өздерінің гендеріне қарсы тұру оңай емес. Бұл салмағы шектен тыс ауыр адамдарға операциясыз салмақ жоғалту өте қиынға түседі. Біз хирургтер ретінде семіздікке шалдыққандардың баршасына операция жасай алмайтындығымызды түсінеміз. Алайда, жүрек-қантамыр аурулары, қант диабеті секілді ілеспе дерттері пайда болатын науқастар бар. Салмақты төмендетіп, асқазанды кішірейтетін бариатрикалық хирургия бүгінде медициналық және экономикалы тұрғыда жақсы нәтиже беруде. Науқастар операциядан кейін өздерін жақсы сезінеді», - деді Алмантас Маляцкас.