Семсерлесу: Қарағандыда 100-ден астам жасөспірім күш сынасуда

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда 13 жасар спортшылар арасында семсерлесу бойынша республикалық біріншілік өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл спорт түрі облысымызда жуырда ғана дами бастады, дегенмен табысты өнер көрсетіп жатқан спортшыларымыз бар. Сайысқа еліміздің түпкір-түпкірінен 100-ден астам жас семсершілер жиналды.

«Семсерлесу бөлімін біз 2003 жылы аштық. Ол кезде секцияда 25 бала жаттығатын, ал қазір олардың қатары 116-ға жетті. Ілгерілеп бара жатқанымыз айтпай-ақ та көзге көрініп тұр. Қазақстан чемпионаты бірінші рет ұйымдастырылып отыр, оған 2005 жылғы жасөспірімдер қатысуда. Бұл біріншілік Қарағандыда өтіп отырғаны қуанышты», - дейді «Жалын» қарағандылық спорт мектебінің басшысы Майра Исаева.

Жас семсершілер үш түрлі сайысқа түсті: семсер, қылыш, рапира. Біріншіліктің алғашқы күнінде қарағандылықтар жақсы нәтиже көрсетіп үлгерді. Қылышпен өнер көрсеткен қыздар жалпы командалық екінші орынды иеленді, ал ұлдар үшінші орынға қол жеткізді.