Қазақстандық қылышшылар құрлық біріншілігінде үшінші орын алып, ел қоржынына кезекті медаль салды.
Турнир барысында Қазақстан құрамасы Иранды (45:33) және Өзбекстанды (45:43) жеңді. Алайда жартылай финалда қазақстандық спортшылар Олимпиада чемпиондары саналатын Оңтүстік Корея құрамасына 34:45 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде команда жарысты қола медальмен аяқтады.
Жүлдегерлер қатарында Артем Саркисян, Жанат Нәбиев, Нұрмұхаммед Жайлыбай және Назарбай Саттархан бар.
Айта кетейік, бұған дейін осы чемпионатта шпагашы Ирина Бакалдина алтын медаль жеңіп алса, Руслан Курбанов қола жүлдегер атанған болатын.
Бұған дейін Ирина Бакалдина семсерлесуден Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алғанын жаздық.