Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы әлем чемпионатының қола жүлдесіне таласады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ерлер құрамасы семсерлесуден Олимпиада жүлдегерлеріне жол берді. Енді олар әлем чемпионатының қола медаліне таласады.
Отандастарымыз Тбилисиде өтіп жатқан әлем біріншілігінде командалық бәсекенің жартылай финалына дейін жетті.
Аталған кезеңде Кирилл Проходов, Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов пен Эльмир Әлімжанов Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдегері Жапония құрамасына есе жіберді. Тартысқа толы кездесу 42:41 есебімен қарсыластардың пайдасына аяқталды.
Айта кетерлігі, қазақстандықтар жекпе-жектің соңына дейін басымдыққа ие болғанымен, жапониялықтар есепті теңестіріп, соңында жеңісті жұлып алды.
Қола медаль үшін Қазақстан құрамасы Мажарстан – Франция жұбының жеңіліс тапқан командасымен кім мықтыны анықтайды.
Бұған дейін Қазақстан ерлер құрамасы семсерлесуден әлем чемпионатының ширек финалына шығу үшін бақ сынайтынын хабарладық.