Отандастарымыз Тбилисиде өтіп жатқан әлем біріншілігінде командалық бәсекенің жартылай финалына дейін жетті.
Аталған кезеңде Кирилл Проходов, Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов пен Эльмир Әлімжанов Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдегері Жапония құрамасына есе жіберді. Тартысқа толы кездесу 42:41 есебімен қарсыластардың пайдасына аяқталды.
Айта кетерлігі, қазақстандықтар жекпе-жектің соңына дейін басымдыққа ие болғанымен, жапониялықтар есепті теңестіріп, соңында жеңісті жұлып алды.
Қола медаль үшін Қазақстан құрамасы Мажарстан – Франция жұбының жеңіліс тапқан командасымен кім мықтыны анықтайды.
Бұған дейін Қазақстан ерлер құрамасы семсерлесуден әлем чемпионатының ширек финалына шығу үшін бақ сынайтынын хабарладық.