АСТАНА. KAZINFORM — Семсерлесуден Ванкуверде (Канада) өткен әлем кубогында Қазақстан ерлер құрамасы үздік үштікке кірді.
Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткеніндей, қазақстандықтар сапы жаттығуы бойынша қола жүлдеге ие болды.
Мажарстан құрамасы чемпион атанса, Жапония семсерлесушілері күміс медальді қанағат тұтты.
Жарыс барысында қазақстандықтар 1/8 финалда Гонконг құрамасын 45:31 есебімен тізе бүктірді. Ширек финалда Италиядан айласын асырды — 45:28. Жартылай финалда жапондарға 28:45 есебімен есе жіберді.
Қола жүлде үшін тартысты бәсекеде Францияны 35:34 есебімен ұтты.
Ұлттық құрама сапында Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай өнер көрсетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Еуропа кубогында үздік шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).