2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Семіздік Еуропа экономикасына жыл сайын миллиардтаған еуро шығын әкеледі

АСТАНА. KAZINFORM — Семіздік пен артық салмақ Еуропа елдерінің экономикасына жыл сайын миллиардтаған еуро шығын әкеледі. Оның экономикалық салмағы кейбір мемлекеттердің тұрғын үй немесе қорғаныс саласына жұмсайтын шығындарымен шамалас. Бұл туралы фармацевтика саласының жаңа есебінде айтылған, деп хабарлайды euronews .

Фото: Kazinform/ЖИ

Денсаулыққа әсерінен бөлек, семіздік пен дене салмағының жоғары индексі (ДСИ) Еуропа экономикасына барған сайын ауыр салмақ түсіріп отыр. Жаңа есепке сәйкес, бұл жағдайлар тікелей және жанама шығындар түрінде жыл сайын миллиардтаған еуроға бағаланады.

Германия, Франция, Италия, Испания, Ирландия, Грекия, Румыния және Ұлыбританияны қамтыған зерттеуге сәйкес, жоғары ДСИ-дің жалпы жылдық экономикалық шығыны осы елдердің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 0,7-1,4%-ына тең. Зерттеуді фармацевтикалық компаниялардың лоббистік ұйымы — Еуропалық фармацевтикалық өнеркәсіптер қауымдастығының (EFPIA) тапсырысы бойынша Денсаулық сақтау экономикасын зерттеу кеңсесі (OHE) жүргізген.

Фото: pixabay

— Семіздікпен күресу азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғау, Еуропаның денсаулық сақтау жүйелерін сақтау және өңірдегі тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін аса маңызды, — деді есепті қаржыландырған EFPIA бас директоры Натали Молль.

2024 жылғы мәлімет бойынша, Еуропадағы ересектердің 26%-ы семіздікке шалдыққан. Семіздік дене салмағы индексінің 30 немесе одан жоғары болуымен анықталады. Тағы 30%-ында артық салмақ бар. Болжам бойынша, жағдай алдағы жылдары одан әрі нашарлауы мүмкін. 2035 жылға қарай әлемдегі ересек тұрғындардың жартысында артық салмақ болады немесе семіздікке шалдығады деп күтіледі.

Еуропада ересектер арасындағы артық салмақ пен семіздіктің таралуы 1990 жылмен салыстырғанда 22%-ға өскен, ал семіздік деңгейі 75%-дан астам артқан.

Елдер қанша қаржы жұмсайды?

Есепте артық салмақ пен семіздіктің Еуропа экономикасына түсіретін салмағы өте жоғары екені айтылған. Семіздік пен артық салмаққа байланысты экономикалық шығын кейбір елдердің тұрғын үй мен қорғаныс саласына жұмсайтын қаражатымен шамалас.

Жыл сайынғы экономикалық шығын Румынияда 2,5 млрд еуродан Германияда 55,2 млрд еуроға дейін жетеді. Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 43,2 млрд еуроны құраса, Испания, Италия және Францияның әрқайсысында шамамен 20 млрд еуроға жетеді.

Фото: freepik.com

ЖІӨ-ге шаққанда жоғары ДСИ-мен байланысты шығын Румынияда 0,7%-дан Грекия мен Ұлыбританияда 1,4%-ға дейін жетеді.

Германияда бұл көрсеткіш 1,3%, Испанияда 1,2%, Ирландияда 1,1% болып, аталған елдердің қорғаныс саласына жұмсайтын шығынынан асып түседі.

Жан басына шаққанда шығын Румынияда бір адамға 131 еуродан Германияда 662 еуроға дейін жетеді.

Тікелей және жанама шығындар

Зерттеу жүргізілген сегіз елде семіздік пен артық салмақ 278 мың адамның өліміне себеп болған. Сондай-ақ осы жағдайлардың салдарынан адамдардың жалпы 8 млн жылдық салауатты өмірі жоғалған.

Семіздіктің өзі денсаулыққа қатысты проблема болумен қатар, 2-типті қант диабеті, жүрек-қантамырлары аурулары, бауырдың ауруы, онкологиялық және неврологиялық аурулар, сондай-ақ созылмалы тыныс алу және ас қорыту жүйесі аурулары сияқты жұқпалы емес аурулардың қауіп факторына жатады.

Фото: pixabay

Осы ауруларға байланысты тікелей шығын 100,4 млрд еуроны құраған. Оның ең үлкен бөлігі Германияға тиесілі — 30 млрд еуро.

Сонымен қатар есепте осы жағдайларға жанама түрде байланысты шығындардың да едәуір екені көрсетілген. Оған жұмысқа шықпау, экономикалық белсенділіктің төмендеуі, науқастарға бейресми күтім көрсету қажеттілігі және мезгілінен бұрын қайтыс болудан болатын шығындар жатады.

Есеп қорытындысы семіздіктің алдын алу мен емдеуге қатысты бұрынғы тәсілдер күткен нәтижеге жеткізбегенін көрсетеді.

— Семіздікті қабылдау, оның алдын алу, диагностикасы және емдеу тәсілдерін шұғыл түрде қайта қарау қажет. Бұл денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақты азайтып, экономикалық өнімділікті арттыруға және қоғамның тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді, — деді Натали Молль.

Бұдан бұрын Қытайдың Цзянсу провинциясында семіздікпен күреске бағытталған ерекше әлеуметтік бастама қолға алынғанын жаздық.