Сенат: 2013-2015 жылдарға арналған нақтыланған бюджет туралы заң қабылданды

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды.

Аталған, құжатқа орай, Үкімет негізінен макроэкономикалық, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өзгеруіне байланысты ағымдағы жылғы бюджетке өзгерістер енгізуді қарастырады. Сонымен қатар, бюджетке келіп түскен қосымша табыстарды, сондай-ақ осы уақытқа дейін бюджеттің игерілмеген қаражаттарын қайта бөліп пайдалану көзделеді. Бұл ретте игерілмеген бюджет қаражаты негізінен ірі инвестициялық жобаларға қарай бағытталатын болады. Бұдан бөлек, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы жүктеген тапсырмаға сәйкес, мемлекеттік бюджеттің тапшылығы төмендетіледі.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, 2013 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауға макроэкономикалық көрсеткіштердегі өзгерістер мен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау негіз болған. Министрдің сөзіне қарағанда, 2013 жылы экспорт көлемі 87 млрд. 536,7 млн. доллар шегінде болмақ. Ал импорттың көлемі 2 661,4 млн. долларға ұлғайып, 53 834,0 млн. АҚШ долларын құрайтын болады.

2013 жылы ЖІӨ нақты өсуінің нақтыланған болжамы бекітілген 106 пайыз деңгейде қалып отыр. Бұл ретте ЖІӨ номиналдық көлемі 34,4 трлн теңге құрайды, бұл бұрын қабылданған көрсеткіштен 153,3 млрд. теңгеге артық.

«2013 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 5 трлн. 242,8 млрд. теңге көлемінде немесе бұған дейін бекітілген бюджетпен салыстырғанда 14,4 млрд. теңгеге ұлғаятыны анықталды. Кірістердің болжамы (трансферттердің түсімін есепке алмағанда) 3 трлн. 608,3 млрд. теңге көлемінде бағаланады немесе бекітілген көлемнен 20 млрд. теңгеге жоғары. Оның ішінде салықтық түсімдер бойынша 6,9 млрд, теңге және салықтық емес түсімдер бойынша - 13,1 млрд. теңгеге ұлғаяды», - дейді министр Е. Досаев.

Бюджет шығыстары бекітілген бюджетпен салыстырғанда 65 млрд. 626 млн теңгеге төмендеп, нақты сома 6 трлн. 33 млрд. 373 млн теңге шамасында нақтыланды.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.