Айта кетейік, бүгінгі Сенаттың жалпы отырысында заң жобасын ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев таныстырған болатын. Оның айтуынша, макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтыланған болжамы 2014 жылғы экономиканың әр саласының даму көрсеткіштерін және негізгі экспорттық тауарлардың қазіргі әлемдік тауар нарығындағы бағасын ескере отырып құрастырылған. Министр атап өткендей, 2014 жылы Қазақстан экономикасы әлемдік нарықтағы едәуір өзгерістер мен жаһандағы геосаяси тұрақсыздық жағдайында даму қарқынын жоғалтпады. Мәселен, 2014 жылы мұнай мен темір рудасының әлемдік бағасы 2 есе төмендеді. Осыған қарамастан, алдын ала бағалау бойынша, Қазақстан экономикасы 4,3%-ға өсті.
Сонымен қатар, республикалық бюджеттің 2015 жылдарға арналған шығыны 7 244,5 миллиард теңге көлемінде белгіленіп отыр.
Мұнай бағасының барреліне 30 АҚШ доллары болғандағы Қазақстан экономикасының даму болжамдары жасалды. Негізгі сценарий 2015-2017 жылдар аралығында мұнай бағасының барреліне 80 АҚШ долларынан 50 АҚШ долларына дейін төмендеуін, ал 2018-2019 жылдарда 60 АҚШ доллары шамасында болатынын болжайды. Дегенмен, бұл жылдарда мұнай өндіру көлемі азайтылмайды.
Министр атап өткендей, 2015 жылы Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 12,8 мың АҚШ долларына дейін өседі. ЖІӨ өсімі 1,5% болады. Бұған қоса, инфляция деңгейі бұрынғыдай 6-8% дәлізінде сақталады.