Сенат 2016 жылға арналған Негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Бюросы өтіп, онда 24 желтоқсанда болатын Палата отырысының күн тәртібі нақтыланды. Сонымен қатар Бюро мүшелері Парламент Сенатының 2016 жылға арналған Негізгі шаралар жоспарын бекітті. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметінен хабарланды.

Бюро ұсынысына сәйкес, алдағы отырыста сенаторлар «Атом энергиясын пайдалану туралы» және «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жобаларын талқылайтын болады. Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бағалы металдар мен асыл тастар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда талқыланады. Сонымен қатар Сенат спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған құжатты екінші оқылымда қарайды. «Бюро мүшелері Парламент Сенатының 2016 жылға арналған Негізгі шаралар жоспарын да бекітті. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауын, «Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға бағытталған заң жобаларын қарау, сондай-ақ Жолдауды түсіндіру мен насихаттау сенаторлардың алдағы жылғы жұмысының басты бағыты болып белгіленген. Сенат сондай-ақ «Дін терроризмге қарсы» халықаралық конференциясын, бірқатар көшпелі отырыстарды, дөңгелек үстелдерді, мемлекеттік және жергілікті органдардың өкілдерімен кездесу өткізуді жоспарлап отыр», - делінген баспасөз баянында.