Сенат адвокаттық қызмет туралы заң қабылдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын орындау мақсатында әзірленді. Бүгінгі таңда заң көмегін алу конституциялық құқығы келесі мәселелерге байланысты тиісті деңгейде жүзеге асырылмайды. Біріншіден, Қазақстанда адвокаттық қызмет нарығы жеткілікті деңгейде дамымаған және озық елдердің көрсеткіштеріне сәйкес келмейді. Оның негізгі себептерінің бірі - адвокаттардың жетіспеуі. Ол өз кезегінде үміткерлер үшін негізгі мәселелердің бірі болып табылатын өте жоғары кіру жарналарынан туындайды. Алғашқы жарналардың алынып тасталуы адвокаттық мамандыққа жас заңгерлердің кіруіне, адвокаттардың арасындағы бәсекелестікті күшейтуге және олардың санының артуына мүмкіндік береді», - деп тоқталды министр.

Екіншіден, Қазақстанда адвокаттар көрсететін кәсіби қызметтердің сапасын тиімді бақылау жоқ. Адвокаттардың кәсіби әдеп нормаларын сақтауын, тәртіптік істердің объективті және жан-жақты қаралуын қамтамасыз ету мақсатында екі деңгейлі тәртіптік комиссияны құру қарастырылған.

«Үшіншіден, Қазақстанда адвокаттардың біліктілігін арттыру тетігі қалыптаспаған. Адвокатураның сапалық құрамын жақсарту мақсатында заң жобасымен адвокаттардың біліктілігін көтеру тетігі қарастырылған», - деді М. Бекетаев.

Сонымен қатар, заң жобасымен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына адвокаттармен және заң консультанттарымен құқықтық жағдайдың басынан аяғына дейін тегін заң көмегін көрсету қарастырылған. Ол - pro bono деп аталады. Айта кету қажет, рro bono қызметі міндет емес, ол құқық болып табылады және оны көрсету мәжбүрлі болмайды.

«Бүгінгі таңда соттарда азаматтың мүддесін заң білімі бар кез келген адам білдіре алады. Алайда осындай көмек сапасыз көрсетілген жағдайда азаматтар өз құқықтарын қорғай алмайды. Осы орайда соттарда өкілдік ететін жеке тұлғалардың заң консультанттары палаталарына міндетті түрде мүшелікте болуы қарастырылған», - деді министр.

Оның айтуынша, бүгінде азаматтарды теріс пиғылды адвокаттар мен заң консультанттарынан қорғау тетігі ескерілмеген. Бұл ретте адвокаттардың, заң консультанттарының міндетті түрде өз кәсіби жауапкершілігін сақтандыру енгізіледі.

«Сонымен қатар, адвокаттық ордерді пайдалану тәжірибесі оның тиімсіздігін көрсетіп отыр.Адвокаттық ордерді алып тастау  - адвокаттың қызметін оңтайландыруға, оның адвокаттық ұйымнан тәуелсіз болуына, сондай-ақ уақыт пен қаржы шығындарын азайтуға жол ашады», - деп нақтылады ведомство басшысы.

Мұнымен қоса, жалпы отырысы барысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын екінші оқылымда қабылдады.