Жалпы алғанда, кодекс жобасы әкімшілік заңнаманы елеулі түрде реформалауға бағытталады. Бұл ретте әкімшілік заңнаманы ізгілендіру, соттарға жүктемені азайту шаралары қамтылады. Осыған баланысты соттардың және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттілік берілген органдардың құзыреті қайта қаралады. Кодекс жобасына сәйкес, айыппұлдың абсолюттік белгілі бір мөлшері көзделеді. Бұл әкімшілік жаза шығару кезінде сыбайлас жемқорлық фактілерін жоюға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жаңа редакция бойынша әкімшілік қамауға алудың ең ұзақ мерзімі 30 тәулікке, айрықша жағдайлардағы төтенше жағдайлар режимінде 45 тәулікке дейін қысқартылып отыр. Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған маскүнемдікпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратындарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану секілді жазалау нормалары алынып тасталған. Бұдан бөлек, кодекс жобасында сыбайлас жемқорлық факторын алып тастау мақсатында, сонымен қатар қысқартылған іс жүргізуді қамтамасыз ету үшін абсолютті түрде анықталған айыппұлдар көлемі белгіленген.
Сонымен қатар жоба редакциясында әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берген органдардың құзыреттерін қайта қарау қамтылады. Атап айтқанда, соттың ведомстволық бағыныстылығынан санкцияларында айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қарастырылатын баптардың бірқатарын мемлекеттік органдарға ауыстыру көзделіп отыр.
Құжатты талқылау барысында сенаторлар бірқатар өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуді жөн деп санаған. Атап айтқанда, жоғары палата депутаттары заң бұзушылықтарға ықпал ететiн жағдайларды жою мақсатында судья мен лауазымды тұлғаның жекеше қаулы не ұсыным шығару құқығын көздейтiн толықтырулар енгiзді. Сондай-ақ бөгеттердiң қауiпсiздiгi саласындағы аттестатталатын жұмыс түрлерiн жүргiзу кезiнде заңнаманы бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жауапкершілікті су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлетті органның құзыретiне жатқызу көзделеді, өйткенi жобада аталған құзырет белгiленбеген. Бұған қоса, сенаторлар бірқатар редакциялық нақтылау сипатындағы өзгертулерді енгізіп отыр.