Сенат аквашаруашылыққа қатысты заңды Мәжіліске қайтарды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Аквашаруашылық туралы» Заңы қаралды. Сенат құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.
Аталған заң жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту, бәсекеге қабілетті аквашаруашылық объектілерін ұлғайту әрі олардың адам өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға қауіпсіз болуын қамтамасыз ету жолымен аквашаруашылықты орнықты дамыту мақсатында әзірленді. Заңда бірқатар жаңа ұғым пайда болды, мемлекеттік органдардың құзыреттері нақтыланып, өкілеттіктер берілді.
- Бұдан басқа, заңда аквашаруашылық саласында қызметті жүзеге асырудың негізгі шарттары регламенттеледі. Мәселен, аквашаруашылық субъектілері қызметінің түрлері, балық шаруашылығы су айдынын немесе учаскесін конкурстық және конкурстан тыс негізде бекіту тәртібі, тоғанды, индустриялық және өсімін молайту шаруашылығы қызметін жүзеге асыруға қойылатын талаптар нақтыланды. Сонымен қатар, аквашаруашылық субъектілері үшін аквашаруашылық саласындағы биологиялық негіздемені әзірлеу және оларды дамыту жоспарын бекіту бойынша міндеттемелер енгізілді. Аквашаруашылықты мемлекеттік ынталандыру жөніндегі нормалар көзделген. Мәселен, аквашаруашылықты субсидиялау аквашаруашылық өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру және асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту, инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу, су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау, кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау сияқты бағыттар бойынша жүзеге асырылады, - деді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.
«Аквашаруашылық туралы» Заңды талқылау барысында Сенат комитеттерінің ескертулері жарияланды.
Осы орайда Мәжіліс қабылдаған заңға:
- бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және учаскелерінде тек Қазақстан Республикасының заңдарымен ғана тыйым салулар белгілеу;
- аквашаруашылық субъектілері жосықсыз аквашаруашылық субъектілерінің тізіліміне енгізілетін негіздерді нақтылау;
- табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін ақы төлеуге байланысты нормаларды Салық кодексіне сәйкес келтіру бөлігінде өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады.
- Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес, «Аквашаруашылық туралы» Заңының жекелеген баптарын мақұлдамауды және көрсетілген баптардың жаңа редакциясын ұсына отырып, оны Мәжіліске қайтаруды ұсынады, - деді сенатор.
Палата депутаттары дауыс беру барысында аталған ұсынысты қолдады.
Еске салсақ, Қазақстанда өндірілетін балық өнімі әлемнің 21 еліне экспортталады.