Сенат аумақтық қорғанысқа қатысты заңды мақұлдады

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» Заңы мақұлданды.

Аталған заңның негізгі мақсаты - қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу және мемлекеттік саясаттың заңдық негіздерін қамтамасыз ету.

- Заң аумақтық қорғаныстың тиімді жүйесін қалыптастыруға, жұмылдыру дайындығын арттыруға және төтенше жағдайларда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Негізгі заң аумақтық қорғаныстың мақсаттары мен міндеттерін, принциптері мен іс-шараларын айқындай отырып, мемлекеттің қорғаныс жүйесінде бөлек сала ретінде қарастырады. Осы бағытқа жеке сала ретінде заңда тиісті қаржыландыру көлемі және аумақтық әскери органдар мен бөлімдердің мәселелерін реттейтін нормалар көзделген. Заң жұмылдыру және әскери жағдай кезеңінде халықты және объектілерді қорғауға, аумақтық қорғаныс күштерін құруға, жұмыс тәртібін қамтамасыз етуге, жергілікті тұрғындарды қауіпсіздікті қамтамасыз ету іс-шараларына тартуға бағытталған, - деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.

Заңға аумақтық қорғанысты тиімді ұйымдастыру үшін қажет жаңа терминдер мен анықтамалар енгізілген. «Ерікті» және «Өзін-өзі қорғауды қалыптастыру» сияқты негізгі ұғымдар мемлекетіміздің қорғаныс жүйесіне бірінші рет енгізілді. Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, Үкіметтің, Қорғаныс министрлігінің, Қарулы Күштері Бас штабының, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері, заңды және жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттері бекітілген.

- Мұнымен қоса, қорғаныс күштерінің құрамы мен жұмыс істеу тәртібін реттейтін «Аумақтық қорғаныс күштері» деген жеке тарау қарастырылған, - деді депутат.

Аумақтық қорғаныс күштері төмендегі аспектілерді қамтиды:

- Құқық қорғау органдарының күштері мен құралдары;

- Қарулы Күштер, басқа да әскери бөлімдер мен құрылымдар бөлген күштер мен құралдар;

- Аумақтық әскерлер;

- Арнайы құрылымдар;

- Өзін-өзі қорғау күштері.

- Аумақтық әскерлер мен өзін-өзі қорғау құрылымдарының негізгі функциялары заңның жекелеген баптарында бекітілген. Жалпы, заңға қатысты аумақтық қорғаныс күштерінің жұмыс істеу тәртібі Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысын дайындау және іске асыру қағидаларында реттеледі. Заңда Қазақстан Республикасы Қорғаныс жоспарының құрамдас бөлігі болатын аумақтық қорғаныс жоспарын әзірлеу және бекіту тетігі нақты белгіленген. Аумақтық қорғаныс саласындағы заңнама талаптарының орындалуын қадағалау осы саладағы уәкілетті орган ретінде Қорғаныс министрлігіне мемлекеттік бақылау функциялары жүктелген. Негізгі заңның ережелерін іске асыру үшін Қазақстан Республикасының 2 кодексіне және 14 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер құқықтық олқылықтар болдырмауға, Қорғаныс министрлігінің басқа мемлекеттік органдармен және көлік кәсіпорындарымен әскери тасымалдауды ұйымдастыру, жол қатынастарын техникалық жабу мәселелерін реттеуге бағытталған өзара іс-қимылын қарастырады, - деп түсіндірді сенатор.

Ғалиасқар Сарыбаевтың пайымынша, заңның қабылдануы бірнеше оң әлеуметтік әсер береді:

1. Аумақтық қорғаныс саласында орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігі артады;

2. Еріктілердің тұрақты әскери құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі белгіленіп, азаматтарымыз елімізді қорғауға қажет білім мен тәжірибе жинақтауға ұмтылады, патриоттық сана қалыптасады.

Еске салсақ, биыл сәуір айында Парламент Мәжілісі аумақтық қорғаныс туралы заңды қабылдағанын жазған едік.