Сенат азаматтардың борыштық жүктемесін азайтатын заңды талқылайды

Фото: Коллаж: Kazinform/ Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін сағат 10-00-де Сенаттың жалпы отырысы болады. Онда депутаттар қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін көздейтін заңды талқыға салады.

Айта кетейік, 26 мамырда Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар бүгінгі отырыстың күн тәртібін белгіледі.

Соған сәйкес сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» туралы заңды қарайды.

Заңның негізгі мақсаттары – бәсекелестікті арттыру, банк секторына инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасау, сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын дамыту. Қаржылық қолжетімділікті арттыру және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау да осы заңның міндеттерінің бірі екенін атап өткен жөн. Қаржы нарығында, оның ішінде ұялы байланыс саласында алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша да бірқатар шара көзделген.

Күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан кейін сенаторлар Үкімет мүшелерінің атына депутаттық сауалдар жолдауы мүмкін. Мұнан бөлек, жалпы отырыстан соң БАҚ өкілдеріне арналған брифинг жоспарланған. Онда Сенат депутаты Сергей Карплюк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов тілшілердің сауалдарына жауап береді.

Есте болса, бұл заңды 9 сәуірде Мәжіліс екінші оқылымда мақұлдаған еді. Сол кезде негізгі баяндама жасаған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов қолданыстағы норма бойынша алаяқтардың кесірінен рәсімделген несиелерді есептен шығару тек сот шешімімен жүзеге асатындығын айтқанды-ды. Ал сол күні қабылданған заңда сотқа дейінгі есептен шығарудың жаңа негіздері ұсынылды. Мәселен, кредит алуға алғаш рет жүгінген азаматтардың банк бөлімшесінде немесе микроқаржы ұйымында міндетті түрде өзінің қатысуы бойынша талабы енгізілді.

Фото: primeminister.kz

- Сонымен қатар, заң аясында банктер немесе микроқаржы ұйымдары биометриялық сәйкестендіру рәсімін бұзғанда, клиенттің жеке басын куәландыратын мәліметтерді заңсыз пайдаланған жағдайда, қарызды сот тәртібімен есептен шығару негіздері кеңейтілді, - деген еді агенттік өкілі.

Сонымен тұтынушылардың құқықтарын қорғау және азаматтардың борыштық жүктемесін азайту мақсатында:

  • мерзімді қызметті өткеру кезеңінде әскери қызметшілерге кредиттер мен микрокредиттер беруге тыйым салуды енгізуді;
  • халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға, сондай-ақ төтенше жағдай енгізу салдарынан зардап шеккендерге қарыздар мен микрокредиттер бойынша кемінде 3 ай мерзімге міндетті түрде кейінге қалдыруды, сондай-ақ ай сайынғы төлемді 50 және одан да көп пайызға төмендетуді;
  • банктік қарыздарды ішінара не мерзімінен бұрын өтегені үшін қарыз алушы-жеке тұлғалардан тұрақсыздық айыбын өндіріп алуды болғызбауды;
  • тұтынушылардың кері байланысты уақтылы алуы үшін қаржы ұйымдарының клиенттердің өтініштерін қарау мерзімін 15 жұмыс күні ішінде деп белгілеуді;
  • мемлекеттік бюджеттен төленетін төлемдерді және табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен азаматтарға арналған қайырымдылық ұйымдарынан түскен ақшаны үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан қорғауды;
  • банктік қарыз немесе микрокредит шарттары бойынша сақтандыру агенті комиссиясының шекті мөлшерін 10 пайыз шегінде белгілеуді;
  • «Отбасы банк» АҚ-на мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде білім беру кредиттерін беру құқығын беруді;
  • қаржы ұйымдарының ұлттық стандартты ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету рәсімдерін, оның ішінде сенім білдірілген тұлға арқылы белгілеуін көздейтін түзетулер енгізді.

Заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Стамбеков депутаттар құжатқа енгізген бірқатар жаңа нормаға да тоқталған болатын. Оның ішінде кепілсіз тұтынушылық онлайн-несиелерді беру кезінде «салқындату кезеңін» (24 сағат) енгізу, бірінші рет несие алатын азаматтар үшін банкте немесе микроқаржы ұйымының филиалында міндетті түрде болуы, азаматтардың жекелеген санаттарына кепілсіз тұтынушылық несиелерді тек «электронды үкімет» арқылы олардың келісімін алғаннан кейін ғана беру талаптары бар.

Фото: stambekov.kz

– Банктер мен микроқаржы ұйымдарының алаяқтық несиелер мен микрокредиттерді есептен шығару негіздері, сондай-ақ алаяқтық белгілері бар операциялар анықталған кезде банктердің банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру өкілеттіктері және Ұлттық банктің антифрод-орталығы қатысушыларының құрамы мен функциялары кеңейтіледі. Ол телефон алаяқтығымен күресу үшін операторлардың деректер базасымен біріктірілетін болады, – деді депутат.

Еске салайық, өткен аптадағы отырыс барысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды

- Қаралған келісім екі ел арасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатымен әзірленген. Құжат бір мемлекеттің инвесторларының екінші мемлекеттің аумағындағы инвестициялары үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді. Жалпы, бұл заң бауырлас елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Заң екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша қолайлы режим жасау тәртібі мен шарттарын айқындайды. Атап айтқанда, бір тараптың екінші тараптың аумағындағы инвестицияларын жүзеге асыру, сондай-ақ екі мемлекеттің аумақтарындағы инвестициялық қызметке байланысты мәселелер реттеледі. Келісім нормаларына сәйкес кез келген тараптың инвесторлары жүзеге асырған инвестициялар әділ және тең құқылы режимді, сондай-ақ екінші тарап мемлекеті аумағында толық қорғалуды және қауіпсіздікті пайдаланады.

Сонымен қатар палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Андрей Лукин елімізде ғарыш саласын дамытуға қатысты бірқатар нақты шара ұсынды. Депутаттың айтуынша, Қазақстан тек жалға беруші ел ретінде қалмай, ғарыш индустриясының белсенді қатысушысы болуы керек. 

Ал Алтынбек Нұхұлы көмір химиясы саласында жүйелі тәсілдің жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Сенатор бұл секторды тиімді дамыту, оның ішінде инвестициялар тарту үшін ғылыми зерттеулерді жандандыру және озық шетелдік технологияларды енгізу қажет екенін айтты. 

Геннадий Шиповских бұзақылықтың, әсіресе қайталанған құқық бұзушылықтардың алдын алу және онымен күресу жұмыстарын күшейтуді ұсынды. 

Сенат отырысын senate.parlam.kz ресми сайтында, «24kz» телеарнасында, сонымен қатар Сенаттың YouTube, Telegram арналарында көре аласыздар.