Сенат Азаматтық процестік кодекс жобасын Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің жобасы екінші оқылымда талқыланып, құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен Мәжіліске қайтарылды.

Жаңа редакциядағы кодекс Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасын iске асыру мақсатында және Мемлекет басшысының судьялардың VI съезiнде қойған міндеттерін орындау үшiн әзiрленген болатын. Тұтастай алғанда Азаматтық процестік кодекс жобасы азаматтық-процестiк заңнаманың жеделдiгiн арттыруды, сот iсiн жүргiзуде бiтiмдестiру рәсiмдерiн белсендi қолдану үшiн оны жаңғырту арқылы жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сотта тиiмдi қорғауды қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар, құжаттың ережелерi азаматтардың, мемлекеттiң және заңды тұлғалардың бұзылған немесе дауланып отырған құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн қорғауды қарастырады. Ондай мүдделерді қалпына келтiру туралы азаматтық сот iсiн жүргiзу талаптарын орындауға, заңдылықты сақтауға, қоғамның заң мен сотқа кадiр-құрметпен қарауды қалыптастыруға бағытталады.

Бұдан бөлек, азаматтық процесте адвокатураның рөлi күшейiп, медиация институтын кеңiнен қолдану да көзделіп отыр. Бұл ретте, істерге адвокаттардың қатысуымен бiтiстiрудiң жаңа тәсiлi ретінде «дауды партисипативтiк рәсiммен қарау» енгiзiлмек. Осының арқасында дауға қатысушыларға келiссөздердi адвокаттардың белсендi қатысуы арқылы өткiзу мүмкiндiгiн қамтитын болады. Атап айтқанда, жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодексі бойынша iстi сот талқылауына дайындау сатысында шешiлетiн мәселелер шеңберiн кеңейту арқылы iстi дайындау сатысын жетiлдiру қарастырылып отыр. Бұл ретте iстi сот талқылауына дайындау мерзiмi ұзартылып, сотқа қуыным арызы қабылданғаннан кейiн судья мен процеске қатысушылардың әрекеттерi нақты регламенттеледі. Сонымен қатар, істi сот талқылауына дайындау барысы мен бiрiншi сатыдағы сотта айғақтарды ұсыну тәртiбi жақсартылады. Бұған қоса, дауларды сотқа дейiнгi реттеу мәселесi кеңейтiлiп, азаматтық процестегi тараптар өкiлдiгiнiң институты жетiлдiрiлмек.