Палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев және Палата Бюросының мүшелері қабылдаған Қаулыға сәйкес, сенаторлар қарауына Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы Алматы қаласында ДДҰ-ның медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі географиялық жағынан қашық орналасқан офисін ашу туралы келісімді ратификациялау ұсынылады. Депутаттар заңнамаға жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша түзетулерді де қарайды. Одан басқа, Азаматтық процестік кодексінің жобасы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да үшінші оқылымда қаралады.
Одан басқа, Бюрода Мәжілістен түскен төрт заң жобасын Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Қазақстан мен Иран арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы үкіметаралық келісімді, сондай-ақ 2003 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді. Сенаттың осы комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қолға алады.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы Алматы қаласында ДДҰ-ның медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі географиялық жағынан қашық орналасқан офисін ашу туралы келісімді ратификациялау жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.
Бас комитет Сенаттың барлық комитеттерінің ұсыныстарын пысықтап, осы заң жобалары бойынша Палатаның отырысына тиісті қорытындылар әзірлейтін болды.