- Аталған заңмен Қазақстан Республикасының «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы», «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» және «Ара шаруашылығы туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңды әзірлеуге ара шаруашылығы саласында жинақталған бірқатар жүйелі мәселе негіз болды. Бүгінде бұл бағыттағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жеткілікті деңгейде дамымаған. Импортқа тәуелділік сақталып отыр. Сонымен қатар, карантиндік бақылаудың жеткіліксіздігі ара ауруларының таралу қаупін күшейтуде. Аталған факторлар саланың тұрақты дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Осы орайда, қаралып отырған заңның мақсаты – ара шаруашылығы мен асыл тұқымды мал шаруашылығы салаларындағы заңнаманы жетілдіру, ара шаруашылығы субъектілерінің қызметін реттеу, араларды қорғау, ұтымды пайдалану және өсімін көбейту, сондай-ақ саланың өнімділігін арттыруға жағдай жасау, - деді сенатор Жанболат Жөргенбаев.
Заңның негізгі новеллаларына тоқталсақ, ең алдымен терминологиялық база жетілдірілді. Атап айтқанда, «асыл тұқымды аналық бал ара», «аталық бал ара», «бал», «аспаптық ұрықтандыру пункті» және өзге де жаңа ұғымдар енгізілді. Бұл құқықтық реттеудің біркелкілігін және қолданылатын нормалардың дәлдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, араларды қорғау, өсімін көбейту және пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу мен жобалау-іздестіру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтіледі.
- Негізгі жаңашылдық – «омартаның ветеринариялық паспорты» ұғымы енгізіледі. Ол омарталарды есепке алу және ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу үшін міндетті құжат болады. Сонымен қатар, заңға селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстардың жай-күйіне мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған нормалар енгізілген. Қазіргі уақытта мемлекеттік бақылау негізінен бюджеттік субсидиялар алатын субъектілерді есепке алу мен есептілікті жүргізу бөлігінде жүзеге асырылады, - деді депутат.
Ал асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік инспекторларға селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстардың жай-күйіне, сондай-ақ асыл тұқымды малдың өнімділігін бағалау мен индекстік бағалау қызметтерінің сапасына бақылау жүргізу өкілеттіктері беріледі.
Мұнымен қоса, бал ара шаруашылығы саласында ел аумағында барлық тұқымдар бойынша бірыңғай Республикалық палата құру көзделеді. Аталған норма саланы орталықтандыру және үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұған дейін бал ара шаруашылығында «омартаның ветеринариялық паспорты» енгізілетінін жазған едік.