Сенат балық шаруашылығы жөніндегі жоба бойынша келісім комиссиясының ұсыныстарын қабылдады
Енді Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, аталған құжат Елбасының жолдауларын және Үкіметтің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын іске асырудың жалпыұлттық жоспарына сәйкес әзірленген. Жобаның негізгі мақсаты балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғауды, олардың өсімін молайтуды және ұтымды пайдалануды құқықтық жағынан қамтамасыз ету болып отыр. Осы ретте, құжатта балық шаруашылығының қарқынды және жан-жақты дамуын қамту мақсатында, сондай-ақ балықты жасанды түрде өсірудің нормаларын реттеу мен балықтардың қырылуына қарсы шаралар көзделеді. Бұнымен қоса құжатта ең бастысы, табиғи ортадан алынған бекіре тұқымдас балықтарды сатып алуға және олардың уылдырығын қайта өңдеу және сатуға мемлекеттік монополия енгізу қарастырылған болатын. Бұл Елбасының тапсырмасына сәйкес, Каспий қорықтық аймағының экожүйесін және биологиялық алуан түрлілігін сақтау қажеттілігіне байланысты жүзеге асырылады.