Сенат Бюросы алдағы жалпы отырыстың күн тәртібін бекітті

АСТАНА. 17 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілік етуімен Палата Бюросының отырысы болды. Бюрода Сенаттың тұрақты комитеттері мен Аппаратқа Парламент Мәжілісінде мақұлданған заң жобалары берілді. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитеті мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің жаңа түрлерін енгізуге бағытталған заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді. Ал Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетігін жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заң жобасы жүктелді.

Бюрода, одан басқа, палатаның биылғы 20 маусымда болатын жалпы отырысының күн тәртібі де белгіленді. Отырыс барысында Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы мемлекеттік шекарасында бірлескен бақылауды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы, Қазақстан мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы, сондай-ақ конституциялық заңдардағы конституциялық мерзімдерді есептеу мәселелерін қамтитын заң жобасы талқыланатын болады. Бұдан бөлек, жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасы мен жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға бағытталған құжат екінші оқылымда талқыланады.

Сондай-ақ отырыста төреліктің және аралық соттың қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша Мәжіліс пен Сенат арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісу комиссиясының ұсыныстарын қарау да көзделіп отыр.