Сенат Бюросы депутаттардың аймақтарға сапарын қорытындылады

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілік етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Бюро отырысы болды. Онда комитет төрағалары 28 қараша мен 7 желтоқсан аралығындағы депутаттардың еліміздің аймақтарына кезекті сапарының қорытындыларын хабардар етті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

Сенаторлар еліміздің барлық аймақтарындағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті, жергілікті жерлердегі азаматтарды қабылдады. Сонымен қатар, депутаттар «Қазақстан - 2050» стратегиясын іске асыру жөніндегі заң шығару қызметі туралы әңгімелеп, жергілікті тұрғындармен әлеуметтік және экономикалық мемлекеттік бағдарламалар аясындағы еліміздің дамуындағы және жергілікті маңызы бар көкейкесті мәселелерді талқылады. Осыған орай, Сенат спикері депутаттардың аймақтарға баруы және жергілікті халықпен жүздесу Парламент қызметінің маңызды бөлігі екенін атап өтті. «Бұл жұмыстардың нәтижелеріне заң шығару үдерістерін жетілдіру барысында зор мән берілетін болады, деді Қ.Тоқаев. Төраға, сондай-ақ, Сенаттың алдағы жылғы шараларын сапалы жоспарлау қажеттігіне назар аударды. «Жоспарға ұсынылатын іс-шаралар қоғамдағы аса маңызды мәселелерді талқылауға бағытталуы тиіс. Бас комитеттердің көшпелі отырыстары да өңірлердегі өзекті мәселелермен тығыз байланысты болғаны жөн деп санаймын», - деп атап өтті ол. Қ.Тоқаевтың пікірінше, парламенттік тыңдауларда қаралатын мәселелер заңдардың іске асырылуымен және жалпыұлттық, өңірлік бағдарламалардың, сондай-ақ мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының түйінді бағыттарымен тығыз байланыста болғаны абзал. «Халықаралық конференциялар елімізде атқарылуы тиіс маңызды мәселелермен және Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық жолдауларымен бағыттас болуы керек», - деді Қ.Тоқаев.

Бұдан бөлек, Бюро отырысында Сенат комитеттеріне Мәжіліс мақұлдаған үш заң жобасы бөлініп берілді. Сондай-ақ, биылғы 12 желтоқсандағы Сенат отырысының күн тәртібін де талқылады. Палата отырысында алты заң жобасын қарау көзделіп отыр.