Сенат Бюросында кезекті отырысының күн тәртібіне ұсыныстар қаралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Сенат Бюросының отырысы болды.

Сенат Төрағасы бесінші шақырылымдағы төртінші сессияның ашылуы барысындағы Палаталардың бірлескен отырысында Мемлекет басшысының Парламент алдына қойған міндеттеріне депутаттардың назарын аударды. Қ.Тоқаев парламентшілердің басты міндеті - Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын жоғары сапалық деңгейде заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Одан басқа, Сенат Төрағасы Сенаттың кезекті сайлауына әзірлік аясында аймақтарда жүргізіліп жатқан белсенді жұмыстарды атап өтті. Қ.Тоқаев алдағы сайлау науқаны Парламенттің жұмысына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Жоғарғы Палатаның 4 қыркүйекте болатын кезекті отырысының күн тәртібіне ұсыныстар қаралды. Сенат отырысына Палатаның тұрақты комитетінің құрамына Сенат депутаты Бектас Бекназаровты сайлау мәселесі шығарылады. Депутаттар сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметтері арасындағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі Қарулы Күштерінің Ауғанстанды тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүк транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаcын қарайды.

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ақан Бижановқа «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін табыс етті.