Сенат Бюросында Парламенттің жоғарғы палатасының жұмысын жақсарту мәселелері талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 20 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының Бюро отырысын өткізді, онда Мәжілістен түскен заң жобалары бөлініп берілді.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сумен жабдықтау және су бұру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты кредиттеу және субсидиялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болды.

«Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бас комитет болып белгіленді.

Қ.Тоқаев заңнама және регламент ережелерін бұлжытпай орындау арқылы Сенат жұмысының сапасын арттыруға Бюро мүшелерінің назарын аударды. Төраға жоғарғы палатаның жұмысында мән-мағынасыз асығыстыққа жол бермей, мемлекеттің саяси жүйесіндегі Сенаттың жоғары мәртебесін білікті шешімдермен ақтау қажет, деп санайды.

Бюро мүшелеріне алдағы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын және Жеңіс күнінің 70 жылдығын мерекелеу шараларына орай тапсырмалар берілді.