Сенат Бюросының отырысы болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Бюросының отырысы болды.

Бюрода 2014 жылғы 11 қыркүйекте болатын Сенаттың кезекті отырысының күн тәртібі талқыланды.

Отырыста «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарау жоспарланып отыр.

Депутаттардың қарауына кейбір заңнамалық актілерге сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілдік рәсімдерді азайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы да (бірінші оқылымда) ұсынылатын болады.

Қ.Тоқаев мемлекеттік басқаруды реформалауды сапалы заңнамамен қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы шұғыл деп жариялаған заң жобаларының топтамасы бойынша қалыптасқан жұмыстың қажеттігіне Бюро мүшелерінің назарын аударды.