Сенат Бюросының отырысы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - 27 қазанда Қасым-Жомарт Тоқавтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Бюросының отырысы болды.

Онда 2014 жылғы 30 қазанда болатын Сенат отырысының күн тәртібі талқыланды.

Сенат отырысында «Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Ресей Федерациясының аумағында және Ресей Федерациясы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Рұқсатсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары, сондай-ақ «1999 жылғы 2 ақпандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Тауарларды (жұмыстарды) экспорттау және импорттау кезінде жанама салықтарды өндіріп алудың принциптері туралы келісімнің қолданысын тоқтату туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарау жоспарланды.

Бюрода депутаттар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің құрамын да бекітті.

Сенат Төрағасы Мәжілістен қаржы саласының биыл қарашада түсетін: «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы», «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын сапалы және жедел қарау қажеттігіне Бюро мүшелері мен Сенат Аппараты қызметкерлерінің назарын аударды. Заңнамаға сәйкес, Парламент бұл заң жобаларын 2014 жылғы 1 желтоқсаннан кешіктірмей қабылдауы тиіс.