Сенат бюросының отырысында палатаның алдағы отырысының күн тәртібі бекітілді

АСТАНА. 27 ақпан. ҚазАқпарат-  Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Парламент Сенаты Бюросының отырысы болып өтті.

Онда Парламент Мәжілісінде мақұлданған заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттері мен палата Аппаратына бөлініп берілді. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғалған байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын одан әрі жетілдіру жұмыстары бойынша бас комитет болып Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті белгіленді. Осы комитетке Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралдарының қару-жарағы мен әскери техникасының техникалық және ақпараттық үйлесімділігін қамтамасыз ету туралы Хаттаманы және  Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеу, жасау, пайдалану, жөндеу, жаңғырту, пайдалану мерзімін ұзарту және кәдеге жарату саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары да берілді.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне «Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартты ратификациялау туралы» және «Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартын ратификациялау туралы» заң жобалары берілді.

Бюро отырысында биылғы 1 наурыз күні болатын Сенаттың кезекті отырысының күн тәртібіне ұсыныстар да қаралды. Жоспарланған отырыста халықаралық келісімдерді ратификациялауға қатысты бірқатар заң жобалары қаралатын болды.

Депутаттардың талқысына «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының қалыптастырылу және жұмыс істеу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында әскери мақсаттағы өнімдерді шығару жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-өндірістік бірлестіктерді құрудың жалпы принциптері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары ұсынылатын болды.

Отырыс барысында «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы Үшінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралады.