Сенат ДДҰ Еуропалық комитетінің 73-ші сессиясын Қазақстанда өткізу туралы заңды қарайды

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Астанада (Қазақстан Республикасы) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясын ұйымдастыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы келісімді ратификациялау туралы» заңды талқылады, деп хабарлайды Кazinform. 

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Құжат Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту мақсатында әзірленген болатын. Келісім Қазақстанда ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын тиімді ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Депутаттардың айтуынша, заңды ратификациялау ДДҰ-ға мүше елдер арасында Қазақстанның беделін арттыруға ықпал ететін болады.

Сенат комитетінің мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңды палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.