Сенат депутаттары «Арселор Митталдың» мәселесі бойынша Бас прокуратураға сауал жолдады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат депутаттары «Арселор Митталдың» мәселесі бойынша Бас прокуратураға сауал жолдады. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Қожамжаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің инвесторларға немесе кәсіпорындардың басшыларына қоятын ең негізгі талабымыздың бірі – қауіпсіздік ережелерін сақтау. «Арселор Митталдың» кәсіпорнында бұған дейін болған апаттарға қатысты прокуратура органдары әрекетсіз болды деп ойламаймын. Бәлкім әрекет еткен шығар, оны біз білмейтін шығармыз.

Біз соны білу үшін сауал жолдадық. Яғни, тиісті шаралар қабылдауға толық негіз бар. Мұнда тек қылмыстық жауапкершілік қана емес, сонымен қатар лауазымды тұлғалардың деңгейіне және олардың функционалдық міндеттеріне байланысты материалдық жауапкершілік қарастырылған. Бұл жауапкершіліктің әртүрлі деңгейлері болуы мүмкін. Қазір тиісті органдар заңға сәйкес тергеу жүргізеді және шаралар қабылдайды»,- деді Сенат депутаты.

Сондай-ақ, ол мұндай жағдайда заң бойынша кәсіпорын басшылығы мен құрылтайшысы қатар жауапкершілік арқалайтынын атап өтті.

«Ең әуелі бұл компания басшыларының, өкілдерінің кінәсі бар екенін, сондай-ақ оқиға салдарына олардың әрекеті немесе әрекетсіздігі қалай әсер еткенін анықтау керек. Біздің тиісті органдардың тергеуді қалай жүргізетініне және мұның бәрін дәлелдей алатынына көп нәрсе байланысты», - деді Қайрат Қожамжаров.