Сенат депутаттары Нидерланды Корольдігі экономикалық істер министрлігінің өкілдерімен кездесті
19:04, 13 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат - Бүгін Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің төрайымы Нұрлығайым Жолдасбаева бастаған Сенат депутаттары Нидерланды Корольдігі экономикалық істер министрлігінің өкілдерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Тараптардың кездесуі барысында Қазақстан-Нидерланды қатынастарының қарқынды сипаты аталып өтіліп, экономика және саясат салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі өрістету жайы айтылды.Жүздесуде энергияның тиімділігі мен оны жинақтау саласындағы табысты әріптестік мәселелеріне ерекше назар аударылды.Осыған байланысты Қазақстанның энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен Нидерланды экономикалық істер министрлігі арасында қол қойылған Энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асыру мүмкіндігі талқыланды.Энергияны пайдаланудың тиімділігін арттыруға, энергия көздері мен түрлерін диверсификациялауға, ілеспе газдарды жағуды қысқартуға бағытталған Меморандумның стратегиялық маңызын атап өте келіп тараптар осы саладағы өзара тиімді ынтымақтастық жайында айтты.Нидерланды жағы осы жылғы күзде Қазақстанда энергия тиімділігі мен оны жинақтау және қайталанатын энергия көздері мәселелеріне арналған семинар өткізуге ниеттеніп отыр.Балама энергетиканы мемлекеттік деңгейде қолдау мәселелеріне тоқтала келіп Н.Жолдасбаева екі мемлекеттің жоғары өкілді органдарының өзара іс-қимылы қажеттігін атап өтті. Сенатордың пікірінше, заң шығару ісіндегі кеңесулер мен тәжірибе алмасу ұлттық заңнамаларды, оның ішінде энергия жинақтау саласындағы заңдарды жетілдіруге қызмет ететін болады.