Сенат депутаттары Оңтүстік Қазақстан облысындағы білім беру саласының жағдайына алаңдаушылық білдірді

АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов еліміздің оңтүстік өңіріндегі білім беру саласының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, бір топ депутаттар атынан Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке сауал жолдады.

«Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен еліміздің білім беру саласына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Дегенмен халық санының тез өсуіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облыстық білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы көбірек көңіл бөлуді керек етеді», - деді депутат.

Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жалпы білім беретін 1 мың 21 мектепте 518 мың оқушы білім алады. Оның ішінде 531 мектеп ыңғайластырылған, 324 мектеп шикі кірпіштен салынған, 62 мектеп ғимараты апатты жағдайда тұр. Биылғы оқу жылына 50 мың 53 оқушы бірінші сыныпқа барса, 2011 жылы 56 мың 700, одан кейінгі жылда 61 мың 700, ал 2013 жылы 66 мың 723 бала мектепке барады. Ал 12 жылдық білім беруге көшетін болсақ, мектепке 6-7 жас аралығындағы 148 мың оқушы барады деп жоспарлануда.

«Бұл дегеніңіз Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын қосымша 40 мектеп салу керек болады дегенді білдірсе керек. Осыған байланысты 2011 жылы тиісті құжаттары толығымен Білім және ғылым министрлігіне өткізілген жалпы құны 18 миллиард теңгені құрайтын 31 білім беру нысандарының құрылысын республикалық бюджет қаржысы есебінен жүргізу қажет. Осы мәселені және республиканың әрбір төртінші оқушысы Оңтүстік Қазақстан облысына келетінін ескере отырып, 2011 жылға арналған республикалық бюджетті жоспарлау кезінде Оңтүстік Қазақстан облысына 31 білім нысанының құрылысын жүргізуге 18 миллиард теңге бөлу мәселесін шешуіңізді сұраймыз», - депутат.