Сенат депутаттары Жолдауды насихаттауда

None
АСТАНА.  ҚазАқпарат - Парламент Сенатының депутаттары Асқар Бейсенбаев, Қуаныш Айтаханов және Әли Бектаев Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауы мен конституциялық реформалар жөніндегі үндеуін жұртшылыққа түсіндіру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс бабындағы сапармен келді.

Сенаторлар Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, Жолдаудан туындайтын міндеттер аясында аймақты өркендету және оңтүстік өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелерін талқылады.

Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов Мақтаарал ауданында болған кезде Жетісай қаласында аудан активімен, мәслихат депутаттарымен және аудан еңбеккерлерімен жүздесті. Сенат депутаты биылғы Жолдаудың басым бағыттары, оның ішінде ауыл шаруашылығын дамуға арналған негізгі міндеттерге тоқталды. «Суармалы егіншілік ең дамыған Мақтарал ауданы мемлекетіміздің стратегиялық маңызы бар аймақ. Кейінгі жылдары су тапшылығы пайда болғаны туралы Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовке депутаттық хат жолдап, өткір мәселенің биыл шешілетіні туралы жауап алдым», - деді сенатор.

Мақтарал ауданының әкімі Ғ.Исмаилов Президентіміз Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын насихаттау үшін  арнайы 24 топ құрылғанын хабарлады. Жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелер мен сұрақтарға сенатор жауап беріп, Мақтарал ауданындағы өндіріс ошақтарын аралады.

Қ.Айтаханов Шардара ауданында жергілікті тұрғындармен кездесіп, Елбасының Жолдауында айтылған бес басым бағыттың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, жан-жақты түсіндірді.

Сенат депутаты Жолдауда айтылған еңбек өнімділігін арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік саланы қолдау мәселелері бойынша нақты мысалдармен жан-жақты талдай отырып айтып берді. Аудан тұрғындары ішінен сөз алған Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков Елбасы Жолдауын аудан халқына насихаттау мақсатында арнайы 3 топ құрылып, қарқынды жұмыс қолға алынып жатқанын жеткізді. Аудандық мәслихат депутаты Исатай Әділхан ел Конституциясындағы 26-шы бапқа өзгеріс енгізуге орай сауал қойды. Бұл сұраққа Қ.Айтаханұлы түзетулердің жан-жақты зерделеніп, шешім қабылданатынын атап өтті.

Кездесу соңында аудан әкімі Болатбек Қыстауов Елбасының халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған Жолдауын жұртшылыққа насихаттап келген Сенат депутаты Қуаныш Айтахановқа тұрғындар атынан алғыс айтты.

Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Плотников пен сенатор Талғатбек Абайділдин Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінде Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын түсіндіру бойынша кездесу өткізді.

Сенаторлар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктеріне жан-жақты тоқталып, Мемлекет басшысы белгілеген еліміздің дамуындағы бес басым бағытқа назар аударды. Депутаттар атап өткендей, экономиканы өркендетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге арналған бұл басымдықтар Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуіне ықпал етеді.

Кездесу барысында Жолдаудағы басымдықтардың бірі болып табылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, құқық тәртібін қамтамасыз ету мәселелері туралы әңгіме өрбіді.

Сенатор С.Плотников Шығыс Қазақстан облыстық активінің жиналысына келген мемлекеттік мекемелердің, құқық қорғау органдарының, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, бизнес қауымдастықтары мен үкіметтік емес ұйымдардың және саяси партиялардың өкілдеріне жергілікті жерлердегі кәсіпорындардың, агроөнеркәсіп кешендері мен әлеуметтік сала мекемелерінің еңбек ұжымдарында Жолдаудың негізгі ережелері талқыланып жатқанын жеткізді. «Мен Шығыс Қазақстан облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағыттары бойынша қарқынды және орнықты өркендеп келе жатқанын байқап келемін. Ол бірінші кезекте тау-кен және металлургия кешені, машина жасау, автомобиль жасау, сондай-ақ кез келген экономиканың қозғаушы күші болып табылатын құрылыс секілді ауқымды өнеркәсіп саласы. Жолдау бізге түбегейлі жаңғыртуға және күллі экономиканы дамытуға серпін береді», - деді сенатор.

Парламент Сенатының депутаты Дулат Құсдәулетов Өскемен қаласында бірқатар кездесулер өткізді. Сенатор Шығыс Қазақстан облысы активінің алдында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру тұрғысында сөз сөйледі.

Д.Құсдәулетов Елбасы бастамаларын іске асыру барысында аймақты дамытудың көрсеткіштеріне басымдық беру қажет екенін атап өтті. Жолдауда экономиканы, оның ішінде ауыл шаруашылығын өркендетуге бағытталған шаралар көзделіп отыр. Оны әр азаматқа жеткізу қажет.

Еліміздің экономикасында шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу жөніндегі Елбасының алға қойған міндеті туралы айта келіп, депутат жергілікті басқару органдары кәсіпкерлерге көмек көрсетуі, оның ішінде субсидиялар мен несиелер бөлуде жәрдемдесуі тиіс екенін айтты.

Шығыс Қазақстан облыстық әділет департаментінің қызметкерлерімен кездесу барысында  Конституцияға және бірқатар заңнамалық актілерге енгізілетін түзетулер егжей-тегжейлі талқыланды. Сенатор әділет органдарының қызметкерлерін осы маңызды өзгерістерге орай халық арасында талқылаулар ұйымдастыруға, орталық билік органдарына арналған пікірлер мен ұсыныстарды жинақтау мен әзірлеуге көмектесуге шақырды.

Д.Құсдәулетов облыстың сот атқарушы палатасында да болды. Сенатор әңгіме барысында сот билігі тармағын, прокуратура органдарының қадағалау қызметін, жекеменшік құқықтарға заңды кепілдіктерді, кәсіпкерлікті дамытуды  одан әрі жетілдіруге қатысты мәселелерді көтерді.

Парламент Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев Батыс Қазақстан облысында жұмыс бабындағы сапарын одан әрі жалғастырды.

Сенатор Орал қаласында Мемлекеттік қызметшілерді оқыту өңірлік орталығының курс тыңдаушыларымен кездесті және «Конденсат» акционерлік қоғамында болды.

Жүздесулер барысында Е.Мұқаев ел Үкіметін қалыптастыру мен оның қызметін бақылаудағы заң шығару органының рөлін арттыру туралы айта келіп, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жайында егжей-тегжейлі хабардар етті. Депутат сонымен қатар Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы басым міндеттер туралы әңгімеледі.

Батыс Қазақстан облысында жұмыс бабындағы сапарда жүрген Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов өндірістік-құрылыс «Болашақ-Т» компаниясының ұжымымен кездесті.

Сенатор шараға қатысушылармен конституциялық реформалардың мазмұны жайлы ой бөлісіп, Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының негізгі ережелеріне ерекше тоқталды.

Р.Ахметов компания келешегі зор кәсіпорындар қатарында екенін айта келіп, экономиканы инновациялық тұрғыда дамыту және жұмыспен қамту мәселелерін шешу мақсаттарына жауап беретінін атап өтті. Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, қоғамды жаңғырту және халық өмірін жақсарту жөніндегі міндеттерді табысты іске асыру үшін мемлекетте барлық жағдай жасалатын болады.

Кәсіпорын қызметкерлері Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мен ұсынылған саяси реформаларды іске асыруға өз үлестерін қосатынын жеткізді.

Р.Ахметов «ҚазАрмаПром» кәсіпорнында да болып, еңбек ұжымымен Елбасының Жолдауын жан-жақты талқылады.

Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Рашит Әкімов Ақмола облысында жұмыс бабындағы сапарда болып, Целиноград ауданындағы №96 теміржол разъезінің мектебінің, Төңкеріс ауылындағы «Қадам НС» кәсіпорнының ұжымдарымен кездесу өткізді. Жүздесулерде Президент Н.Назарбаевтың конституциялық реформа жөніндегі үндеуі мен биылғы Жолдаудан туындайтын міндеттер жайында жан-жақты әңгіме болды.

Талқылау барысында Елбасының жаңа саяси шешімдері, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, еліміздің үшінші жаңғыруына орай алдағы міндеттер, сондай-ақ негізгі заңдағы 26-шы бапқа байланысты бірқатар тақырыптарға әңгіме өрбітті. Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, Үкімет пен Парламентке берілетін қосымша құқықтар, жергілікті өзін өзі басқарудағы жаңа қадамдар жан-жақты талқыға түсті. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауындағы шаруашылықтарды ірілендіру, кооперативтер ұйымдастыру, субсидия, жайылымдар, суармалы жерлер, зейнетақы мен жәрдемақы мәселелері де айтылды.

Сенатор Р.  Әкімов конституциялық реформалар мен Президенттің жаңа Жолдауындағы басымдықтар туралы айта келіп, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы - халқымызды жаһандық дағдарыс қиындықтарынан алып шығатын бірде бір жол» екенін атап өтті.

Қазақтың ақбас сиырын өсіріп отырған «Қадам НС» еңбек ұжымындағы кездесуде жұмысшылар еңбекақылары мен жұмыстарына риза екенін жеткізіп, өздерін толғандырған бірқатар сауалдар қойды.

Парламент Сенатының депутаттары еліміздің аймақтарындағы жұмыс бабындағы сапарларын одан әрі жалғастырды.

Сенатор С. Бектұрғанов Қостанай облыстық және қалалық прокуратурасының, табиғатты қорғау, әскери және көлік саласы прокуратураларының жеке құрамдарымен кездесті. Жүздесу барысында Президент Жолдауының негізгі ережелері мен конституциялық реформаларды түсіндіру мақсатында жан-жақты талқылау болды.

Депутат өз сөзінде Мемлекет басшысының бес басымдығын іске асыру тетіктері туралы жан-жақты айта келіп, конституциялық реформалардың жекелеген ережелері бойынша пікір алмасты, сондай-ақ бірқатар сауалдарға жауап берді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері сот төрелігі мен прокуратура қызметін реттейтін заң ережелерін жетілдірудің маңызды екеніне тоқталды. «Прокуратура - заңдылықтың сақталуын қадағалаудың биігі», - деп атап өтті С.Бектұрғанов.

Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев аймаққа жасаған жұмыс сапары барысында Алматы облысының Талғар және Панфилов аудандарында болды.

Облыс активімен және тұрғындарымен кездесулер барысында билік тармақтарындағы өкілеттікті қайта бөлу туралы Мемлекет басшысының үндеуі егжей-тегжейлі талқыланды. Депутат басқару жүйесін жаңғыртудағы  Парламент Палаталарының  рөліне де тоқталды.

Тұрғындар Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын жүзеге асырудың нақты тетіктері туралы пікір алысты. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарымен кездесулер барысында агроөнеркәсіптік кәсіпорындарды субсидиялау мәселесі көтерілді. Шаруа қожалықтарының басшылары қажетті субсидияларды  рәсімдеу барысындағы бюрократиялық кедергілерді жойып, несие ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік туғызу қажет деп санайды.

«Президент ауыл шаруашылығын экономиканың жетекші салаға айналдыру міндетін қойды», - деп еске салды Н. Қылышбаев. Жолдауда Үкіметке және әкімдерге субсидия бөлу, өнім өңдеуді жақсарту, тауарларды тиімді сақтау, тасымалдау және сату қағидаттарын қайта қарау мәселелері де бар.

Парламент Сенатының депутаты Манап Көбенов жұмыс бабындағы сапармен Павлодар облысындағы Шарбақты ауданында болып, мәслихат депутаттарымен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың басшыларымен және ардагерлермен кездесті.

Кездесудің басты тақырыбы Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан туындайтын басты міндеттер болды. Сенатор Президент өкілеттіктерін қайта бөлу, Парламенттің міндеттерін кеңейту және Үкіметтің заң шығару органына есеп беруі секілді қоғамда кеңінен талқыланып жатқан мәселелерге орай өз ойларын ортаға салды.

Баяндамашы экономиканы жедел жаңғырту жөніндегі Елбасы алға қойған міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды. Оның аясында сандық технологияны қолдану, экономиканың базалық салаларын дамыту және еңбек нарығын жаңартуды көздейтін үш кешенді міндет жүзеге асатын болады. Депутат сондай-ақ еліміздің Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу мақсатында кәсіпкерлік саласын түбегейлі жақсарту қажеттігін атап өтті.

М.Көбенов макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге, адам капиталы сапасын арттыруға, институттық жаңаруларға, қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға байланысты міндеттерге де назар аударды. «Біздің еліміздің ең басты жетістігі - бейбітшілік пен тұрақтылық, Қазақстан соның арқасында игілік пен дамудың мекені болып отыр», - деп атап өтті сенатор.

Депутат кездесу барысында әлеуметтік қолдау шаралары туралы сауалдарға жауап берді.