Барлық сайлау шаралары еліміздің сайлау заңнамаларында белгіленген рәсімдерге сай өтті», - деп мәлімдеді бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.
Оның айтуынша, Сенат депутаттары сайлауының ашық-жариялы өткендігін халықаралық байқаушылар мен Қазақстан Республикасы саяси партияларының, қоғамдық бірлестіктері мен үкіметтік емес ұйымдары байқаушылары растап отыр. «Осы сайлауда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары сайлау науқаны барысын байқау шараларын еліміздің барлық өңірлерінде жүргізді. Дауыс беру барысын 372 халықаралық және отандық байқаушылар, Қазақстан Республикасының саяси партиялары мен қоғамдық бірлестіктері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері байқады», - деді ОСК төрағасы.
Қ.Тұрғанқұловтың айтуынша, 2008 жылғы Сенат депутаттарының сайлау барысындағы дауыс беру шарасын 194 байқаушы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері байқаған. Осы уақытта Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше мемлекеттердің байқаушылар миссиясы өкілдерінің қорытындылары бойынша мәлімдемесі жарияланып үлгерді. «Онда Қазақстан Республикасындағы сайлау процесін ұйымдастырылу деңгейіне оң баға берілген. Қазақстандық байқаушылар да өткен сайлауды жақсы бағалап отыр. ТМД миссиясының қазақстандық байқаушыларының пікірінше, сайлау науқаны бәсекелестік пен өркениетті күрес жағдайында, сайлау заңының нормаларына сәйкес өтті және халықаралық демократиялық өлшемдер қоятын талаптарға жауап береді. Бүкіл сайлау науқаны бойы Орталық сайлау комиссиясының атына 2 өтініш келіп түсті. Оларда көрсетілген фактілер дәлелденбеді», - деді Қ.Тұрғанқұлов.