Бұл туралы бүгін Сенат депутаттарының сайлауына байланысты журналистерге сұхбат берген Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов мәлім етті.
Оның айтуынша, еліміздің «Сайлау туралы» заңына сәйкес, таңдаушылардың бірлескен отырысы, егер оған тиісінше облыстық барлық мәслихаттардың және Астана мен Алматы қалалары мәслихаттары депутаттарының 50 пайыздан астамы қатысса, сайлау өткізілген болып есептеледі. «Осы уақытта республикада әртүрлі деңгейде 213 мәслихат, ал оларда 3 мың 335 депутаттық мандат бар. Олардың 51-і қазір бос. Осылайша бүгінгі сайлауға қатысатын сайлаушылар тізімі 3 мың 284 адамды құрап отыр. Дауыс беру бюллетеньдерінде Сенат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген 39 адамның аты-жөні енгізілген. Еліміздің барлық өңірлерінде сайлау баламалы негізде өтуде»,-деді хатшы.
Оның мәліметтерінше, Астана уақыты бойынша сағат 10-00-дегі жағдай бойынша, таңдаушылардың отырыстары Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Атырау, Қостанай, Қызылорда, және Солтүстік Қазақстан облыстарында ашылған. «Астанада таңдаушылардың 96 пайызы, Алматыда 91,9 пайызы, Атырау облысында 95,5 пайызы, Қостанай облысында 98,3 пайызы, Қызылорда облысында 91,8 пайызы және Солтүстік Қазақстан облысында 98,1 пайызы қатысуда. Басқа өңірлерде таңдаушылардың бірлескен отырысы Астана уақыты бойынша сағат 11-00-де ашылды. Облыстық Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларының мәліметтері бойынша, осы кезге дейін Сенат депутаттығына кандидаттардың 15 сенім білдірген адамдары тіркелген. Сондай-ақ шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 22 байқаушысы, саяси партиялардың 9 байқаушысы, қоғамдық ұйымдардан 12 байқаушы және бұқаралық ақпарат құралдарынан 90 өкіл тіркелген», деді Бақыт Мелдешов.